АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Еуразия аймағында инвестициялық белсенділік артып келе жатқанын мәлімдеді.
2025 жылы жинақталған өзара тікелей шетелдік инвестиция 48,4 миллиард долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 6,4% артты.
"Өсімнің негізгі драйвері – жеке бизнес. Инвестициядағы оның үлесі 72%-ға дейін өсті. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі – 34,7 млрд доллар. Инвестиция шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібіне ауысып жатыр, соңғы бір жарым жылда өңдеу өнеркәсібіне құйылған қаражат 1,5 млрд долларға артты", – деп хабарлады банктің аналитиктері.
Орталық Азияда өңірішілік инвестиция қарқынды өсіп жатыр – 2023 жылмен салыстырғанда 42%-ға, 1,3 млрд долларға дейін артты. Оның 80%-ы құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және қаржы секторына тиесілі.
Өңірдегі ең ірі ойыншылар – Қазақстан мен Өзбекстан. Қазақстан 9,4 млрд доллар көлемінде кіріс инвестициясын тартса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 10,7 млрд доллар болды.
"48 млрд доллардан асатын жинақталған өзара тікелей шетелдік инвестиция – барлық уақыттағы абсолютті рекорд. Әсіресе Орталық Азия ішіндегі өзара инвестиция өте жылдам өсіп келеді. Кейінгі бес жылда Орталық Азиядағы өзара инвестицияның орташа жылдық өсім қарқыны 24,4% болды, бұл Еуразия аймағының жалпы көрсеткішінен бірнеше есе жоғары", – деді ЕАДБ бас экономисі Евгений Винокуров.
"Инвестицияның өсуіне Қазақстанның инвестициялық жағдайды жақсарту стратегиясы және Өзбекстанның шетелдік инвесторларға қолдау көрсету саясаты себеп болды", – деді сарапшы.