АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары алдағы үш жылға бюджеттен облыстар мен ірі қалаларға трансферттер бөлуге қатысты заңды мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құжатқа сәйкес, алдағы үш жылда өңірлерді дамытуға бюджеттен барлығы 9,1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бірақ сенаторлар облыстарға бөлінетін қаржы жеткіліксіз деп отыр.
"Тіпті қазіргі есептеулердің өзінде елімізде барлық өңірдің өңірлік стандарттар жүйесін 100%-ға жеткізу үшін 26 триллион теңге қажет. Оның ішінде Ұлытау облысына 446 миллиард теңге керек, - дейді осы облыстан сайланған сенатор Серік Шайдаров.
Оның айтуынша, өңірлік стандарттар жүйесінің қамту деңгейін тек 1 пайызға арттыру үшін Ұлытауға 10 миллиард қажет болады.
"Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылға Ұлытау облысына берілуге тиіс субвенция көлемі 139 миллиард теңге болуға тиіс. Алайда ұсынылып отырған субвенция көлемі – 59 миллиард теңге, бұл 2025 жылғы деңгейден өзгермеген", - деп атап өтті сенатор.
Жоғары палата заңға өз ұсынысын енгізіп, мәжіліске қайтарды.