Абай облысында бақылаусыз жайылған малды анықтау үшін дрондар қолданылып жатыр

Жалпы биыл жыл басынан бері полиция қызметкерлері малдың бақылаусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған
Sputnik
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Абай облысында дрондар малдың бақылаусыз жайылуына байланысты жол апатын азайтуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция хабарлағандай, ауылдық аймақтардағы жол қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі мәселелердің бірі – малдың бақылаусыз жайылуы.
Абай облысында бұл мәселені шешу үшін заманауи технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Аудан әкімдіктерінің қолдауымен жергілікті полиция бөлімшелері патрульдік қызмет барысында аумақты тұрақты бақылауға және автожол маңында бақылаусыз жайылып жүрген малды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондармен жабдықталды.
"Мүмкіндігі жоғары камералары бар пилотсыз ұшу аппараттары малдың орналасқан орнын нақты уақыт режимінде көрсетіп, тез әрекет етуге жағдай жасайды. Мысалы Жаңасемей ауданында жүргізілген профилактикалық рейдтер барысында 59 бас жылқы анықталып, арнайы тұраққа жеткізілді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, бақылаусыз жүрген мал "Семей – Өскемен және Омбы – Майқапшағай" бағыттарындағы қозғалысы үлкен жолдарда жиі кездеседі.
Жалпы биыл жыл басынан бері полиция қызметкерлері малдың бақылаусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған. Арнайы айыптұрақтарға 9 729 бас мал қойылып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру талаптарының бұзылуына қатысты 201 дерек тіркеліп, материалдар ветеринариялық инспекцияға жолданды.
Түркістан облысында дрон зауыты салынады