АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Конгода Калондо кенішіндегі апат болған шахтаға бара жатқан 20 шенеуніктен тұратын делегация ажал құша жаздады, деп хабарлады жергілікті Actuaite.cd басылымы.
Киншасадан шыққан делегация отырған ұшақ Колвези қаласының әуежайына қонған кезде өртеніп кеткен.
"Ұшақ дұрыс қона алмай, өртенді. Ол толығымен отқа оранғанға дейін бәріміз сыртқа шығып үлгердік", — деді делегация жетекшісінің коммуникация жөніндегі кеңесшісі Исаак Ньембо.
Ньембоның айтуынша, делегация мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген.
Тау-кен өнеркәсібі министрі Луи Ватум Кабамба мен өзге де шенеуніктер Калондо мыс-кобальт кенішінде 40-тан аса кеншінің қаза табуына қатысты тергеу жұмыстарын қадағалау үшін Колвезиге жол тартқан болатын.