АСТАНА, 11 қазан - Sputnik. Ақтау қаласында Қазақстанның ірі мұнай-газ компанияларының қатысуымен мұнай-газ машина жасау форумы және операторлардың ашық есік күні өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ірі мұнай-газ операторларының, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының, сондай-ақ отандық және шетелдік мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Ақтауда Отандық өндірушілердің мұнай-газ машина жасау форумы өтті
© Photo : Маңғыстау облысы әкімдігі
Форум алаңында қазақстандық өндірушілердің көрмесі өтіп, 45 компания металл құрылымдар, құбырлар, сорғылар, мұнай-химия, химиялық жабдықтар және т.б. өнімдерін ұсынды.
"Шараның басты мақсаты – еліміздің ірі жобаларында отандық тауарөндірушілердің қатысуын қолдау арқылы отандық өндірісті кеңінен дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және өңіріміздің кәсіпорындарына тың мүмкіндіктер беру", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шара аясында жалпы сомасы 244 млрд теңге болатын шамамен 40 келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілермен өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында 19 меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар өндірістік және сервистік мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ отандық жеткізушілердің ірі жобалардың жабдықтау тізбегіне қатысуын ынталандыруға бағытталған.