Тоқаев Мажарстан президентімен келіссөз жүргізді

Бұл Мажарстан басшысының Астанаға келген алғашқы ресми сапары
Sputnik
АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан президентімен кездесті.
Мажарстан президенті Тамаш Шуйок Астанаға ресми сапармен келді
Тоқаев Тамаш Шуйоктың Астанаға келген алғашқы ресми сапары - ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан маңызды оқиға екенін атап өтті.

"Мажарстан – біздің егемендігімізді алғаш мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямызды қабылдаған бірінші еуропалық қала. Сондықтан сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз, – деді Тоқаев.

Тамаш Шуйок қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, елдеріміздің арасында сенімге, өзара құрмет пен тарихи байланысқа негізделген белсенді диалог орнағанын атап өтті.
"Халықтарымыздың достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Қос мемлекет арасындағы ықпалдастықтың болашағы зор. Біз көптеген жобалар мен бастамаларды бірлесе іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мажарстан президенті.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Мажарстанның мәдени және білім беру салаларындағы байланысын нығайтудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық перспективасын қарастырды.
Мажарстан Қазақстан экономикасына 370 млн доллар инвестиция құйды