Қазақстанда 216,3 млрд теңгеге алкогольсіз сусын шығаратын зауыт салынады

Өндіріс 2025–2040 жылдар аралығында бюджетке 43,5 млрд теңгеден астам қосымша кіріс әкеледі
Sputnik
АСТАНА, 27 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанда алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы басталады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының Іле ауданында халықаралық стандарттарға сай озық технологиялармен жабдықталған заманауи өндірістік кешен салынады.
"Инвестициялардың жалпы көлемі 216 млрд теңгеден асады, ал кәсіпорынның қуаты жылына 340 млн литр алкогольсіз сусындар шығаруға негізделген. Жаңа зауыттың іске қосылуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінің дамуына, сондай-ақ экспорттық әлеуеттің артуына ықпал етеді", - деп жазылған хабарламада.
Жоба отандық шикізат пен материалдарды пайдалану есебінен импортты алмастыруға және локализациялау деңгейін арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады, оның ішінде жұмыс күшінің кем дегенде 85%-ы Қазақстан азаматтары болады. Отандық кадрларды даярлау үшін арнайы оқыту және тағылымдамадан өту бағдарламалары әзірленген.
Өндіріс 2025–2040 жылдар аралығында бюджетке 43,5 млрд теңгеден астам қосымша кіріс әкеледі деп күтілуде.
Энергия үнемдеу технологияларын енгізу, суды ұтымды пайдалану және басқа да экологиялық аспектілерге ерекше назар аударылады.
Әлемге әйгілі PepsiCo бренді Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт салады