Алғашқы АЭС-тің атауын таңдауға арналған конкурс басталды

Оған 16 жастан асқан республиканың барлық азаматы қатысуға құқылы
Sputnik
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда тұңғыш атом электр станциясының атауын таңдауға арналған жалпыұлттық конкурс басталды, деп хабарлады Атом энергиясы жөніндегі агенттік.
"Қазақстандағы тұңғыш атом электр станциясына атау беру конкурсы басталды. Сауалнама eGov Mobile қосымшасында жүргізілуде. Негізгі бетте "Атом электр станциясы үшін өз атауыңызды ұсыныңыз" деген баннер орналастырылып, пайдаланушыларға байқаудың басталғаны туралы push-хабарлама жіберілді", - делінген хабарламада.
Атау 30 таңбадан аспауы керек, қазақстандықтардың ұсынысы орысша да, қазақша да қабылданады.
Бір қатысушыдан бір ғана ұсыныс қабылданады және республиканың 16 жасқа толған барлық азаматы қатысуға құқылы.
Атом электр станциясының атауы бойынша ұсыныстар бірнеше критерий негізінде бағаланады:
қатысушылар арасында танымалдылық,
тарихи-мәдени маңызы,
саланың имиджіне сәйкестігі,
бірегейлігі, есте сақтауға жеңіл болуы.
"Ұсыныс жинау 2025 жылдың 10 қазанында сағат 23:59-да аяқталады", - деп хабарлады агенттік.
Конкурс комиссиясы соңғы шешімін ашық дауыс беру арқылы қабылдайды.
Қазақстанда атом электр станциясын "Росатом" басқаратын халықаралық консорциум салады.
Алматы облысындағы Үлкен ауылында атом электр станциясының құрылысы басталды, оны 2035-2036 жылдарға дейін аяқтау жоспарлануда.
АЭС-тың үздік атауын таңдайтын комиссияның құрамы жарияланды