АСТАНА, 23 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысында науқасқа ота жасауға асығып, айыппұл арқалаған дәрігерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Дәрігерге 29 маусымда айыппұл салынған.
Қалалық орталық аурухананың кардиохирургы ауруханаға асыққан. Өйткені асқынған "миокард инфаркті" диагнозы бар науқастың жүрегіне шұғыл түрде ота жасау керек болған.
"Полиция қызметкерлері дәрігердің көлік әйнектеріне перде орнатқаны үшін тоқтатып, ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған", - дейді соттағылар.
Жағдайды айтып түсіндірген дәрігерге полиция өкілдері қызметтік көлікпен қоса еріп жүруге ұсыныс жасаған.
"Алайда полиция қоса ерген дәрігердің көлігі жылдамдықты асырғаны үшін жол камерасына түсіп қалады. Сол себепті оған айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама шығарылған", - дейді ведомстводағылар.
Осылайша дәрігердің мәселесі сотта қаралды.
Нәтижесінде, дәрігердің жасаған отасы туралы дәлелді негізге алып, сот жылдамдық үшін салынған айыппұлдың күшін жойды. Ал көлік әйнегіндегі пердеге салынған айыппұлды дәрігер өз еркімен төлеген.