АСТАНА, 18 қыркүйек — Sputnik. Маңғыстау облысының билігі полицияға Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылы әкімінің орынбасарын сыбайласымен қоса ұстауға көмектесті, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Аймақтық полиция қызметкерлері лауазымды тұлғалардан күдікті заттарды тәркіледі және тергеу амалдарын бастады.
"Аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы белгіленіп жатыр. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Лауазымды тұлғалар Маңғыстау облысы бойынша есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы жүргізген "Қарасора-2025" арнайы операциясы аясында ұсталды.
"Заңды бұзған тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қолданылады. Мемлекеттік қызметті жосықсыз қызметкерлерден тазарту - бірінші кезектегі міндет", - деп хабарлады әкімдіктегілер.
"Қарасора" жедел-алдын алу шарасы жыл сайын 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарға, әсіресе, есірткі өсімдіктерін заңсыз таратуға, өндіруге және өсіруге қарсы кешенді күрес жүргізуге бағытталған.