АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыру науқаны аясында мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлады көлік министрлігі.
Жаз бойы жүргізілген республикалық "Назар аударыңыз! Шағын флот!" науқаны барысында автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті аумақтық бөлімдері 2701 шағын кемені тексеріп, 986 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар қатарында:
кеме жүргізушілері мен жолаушылардың құтқару жилеттері мен белдіктерінің болмауы – 344 жағдай;
шағын кемелерді пайдалану ережелерін бұзу – 220 жағдай;
кемені жүргізуге арнайы рұқсаты жоқ тұлғалардың басқаруы – 101 жағдай;
жылдамдықты асыру – 129 жағдай;
қоқысты суға лақтыру – 83 жағдай;
шағын кеме құжаттарының болмауы – 32 жағдай.
Жазғы маусым басталғанға дейін барлық өңірлерде алдын алу шаралары өткізілді. Мамандар шағын кеме және тұрақ-базаларының иелерімен кездесулер, демалыс аймақтарында түсіндіру жұмыстарын өткізіп, азаматтарға кемелерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі заңнамалық талаптар туралы айтты, дейді ведомстводағылар.