Маңғыстаудағы жол апаты: марқұмдар Бекет-Ата мазарына тәу етуге бара жатқан

Осы оқиғасына байланысты ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды
Sputnik
АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Маңғыстаудағы 10 адамның өмірін жалмаған қайғылы жол апатына байланысты үндеу жасады.
Осы оқиғасына байланысты ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
"Министр қылмыстық істің тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазіргі уақытта тергеу аясында жүргізушінің іс-қимылы, көліктің техникалық жағдайы, маршрут және тасымалдау шарттары тексеріліп жатыр", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Анықталғандай, жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден келген. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі әкімдіктер мен профильді мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына кешенді көмек ұйымдастыруда, соның ішінде:
• қаза тапқандардың денесін өңірлерге жеткізу;
• туыстарымен тұрақты байланыс орнату;
• жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсету;
• заң аясында, сақтандыру және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қолдау.
Туыстарына барлық ақпарат дереу беріліп отырады, дейді ведомстводағылар.
Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қайтыс болды