АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім тағы қай елдермен жасалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Вьетнам сияқты елдермен халықаралық келісімдер жасалған болатын. Соның аясында қазақстандықтар заңды түрде жұмыс істей алады.
"Қазіргі кезде Чехия, Словакия, Италия, Румыния мен Жапониямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Түркия болса, екі жақты келісімшарт жасаудан бас тартты. Олар Түркі елдері ұйымы аясында рәсімдеуді қалап отыр", - деді Жақыпова мәжілісте өткен брифингте.
Осы орайда министр Оңтүстік Кореямен арадағы келісімшартты жасауға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Кореяда президент ауысқаннан кейін еңбек министрі де ауысты. Сол себепті келісімшартты рәсімдеу жұмысы ұзарып кетті.
"Ол келісім жылдың соңына дейін рәсімделеді деген үмітіміз бар", - деді Жақыпова.
Ал Германия мен Жаңа Зеландия ондай келісімді рәсімдеуден бас тартты.
Айта кетері, бүгін мәжіліс депутаттары Қатарға барған қазақстандықтарды жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялады. Оған сәйкес, жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты болады.