"Сыйлы отбасының қызы": ауыл тұрғындары жасөспірімді қорлағандар жайлы айтты

Басты күдікті ауылдық әкімдікте қызмет істеген
Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылында жантүршігерлік оқиға болды. 16 жастағы жасөспірімді 30-дағы екі әйел аяусыз қорлаған. Күдіктілер туралы тұрғындар не дейді, Sputnik Қазақстан тілшісі қылмыс болған ауылға арнайы барып қайтты.

"Жақсы отбасы"

Бұл масқараны естіген Масақ ауылының тұрғындары бірі жағасын ұстаса, бірі әлі күнге сенбей дал. Айтуларынша, жасөспірімді аяусыз қорлаған басты күдікті сыйлы отбасының қызы.

"Өте жақсы танимын. Жақсы қыз, отбасын да жақсы танимын. Әкімдікте істейтін. Әке-шешесі де жақсы адамдар", - дейді Камал есімді ауыл тұрғыны.

"Естігенде қан қысымым көтеріліп кетті" дейді ол.
Масақ ауылы
"Әкесі менімен оқыған. Жақсы отбасы, қыздың бейсауат жүрісін көрмегем", - дейді тағы бір тұрғын.

"Әке, кешірші"

Екі күдіктінің бірінің әкесі Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді. Айтуынша, қызы қорлық көрсетпеген, бірақ бейнекамераға түсіріп тұрған.
"Менің қызым видеоға түсіріп тұрған. Қазір қамауда жатыр. Баламды алып, сол қызымды көріп келуге бара жатырмын. Біз зейнеткерміз, денсаулығымыз жоқ. Қызым баяғыда ажырасып кеткен, екі баласы бар. Сол балаларды мектепке берейін деп құжатымен жүгіріп жүрсем мынадай жағдай болды ", - дейді күдіктінің әкесі.
Ол қызының волонтерлікпен айналысқанын айтты.
"Қызым волонтер. Ауырып жатқандарға барып үйіне көмектесетін. Өзінен неге бұлай жасадың десем, "кешірші, әке" деп жылай береді. Видеоға түсіргені болмаса ешнәрсе істемедім дейді. Жәбірленушінің отбасына таңертең бір, түсте бір, кешке бір барамыз, жолатпайды", - дейді ол.
Жасөспірімді қорлаған күдіктілердің бірі қызмет еткен ауыл әкімдігінің ғимараты
Ал жігітін даулаған басты күдіктінің әкесі сұхбат беруге әл-дәрмені жоғын айтты. Анасы да төсек тартып қалған.
Екі отбасы да ел бетіне қараудан қалып, бұғып тірлік жасап жүр.

Басты күдікті - әкімдік қызметкері

Жасөспірімді қорлаған басты күдікті Масақ ауылдық әкімдігінде 6 жыл қызмет еткен.

"Мен бұл жұмысқа келгелі екі жыл. Ол кісі ортасына сыйлы, жауапкершілігі мол маман болған. Жұмыстан кешігу деген тіпті болмапты. Естігенде жағамызды ұстадық, содан бері өз-өзімізге келе алар емеспіз. Ауыл тұрғындары да, біз де оны сондай инабатты, кішіпейіл деп санайтынбыз", - дейді Масақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Айдос Молдабаев.

Күдіктінің жұмыс орны
Қылмыс жасаған уақытта күдікті сырқаттанып, ем алатынын айтып жұмыстан сұранып кеткен.
"19 тамызда ішкі істер қызметкерлері жұмыс үстінде ұстап әкеткен. Күдікті маған кіріп, "РОВД-ға барып келейінші, бір проблема болып қалды" деп сұрайды, бірақ ойымда түк жоқ, босаттым. Сол кезде полиция алып кеткелі кеп тұр екен. 4 тамызда денсаулығына байланысты демалысқа кетті, 19 тамызда жұмысқа шыққан, сол күні ұстап әкетті", - дейді әкім орынбасары.
Еске сала кетейік, Алматы облысында 16 жастағы жасөспірімді 30 жастағы екі әйел аяусыз қорлаған.
"Жыныс мүшесіне зақым келтірген": екі әйел аяусыз қорлаған қыздың анасы мән-жайды айтты