АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Қазақстанда дәріханалар арқылы жиі сатылатын дәрі-дәрмектердің тізімі жарияланды , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Tañba" бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы таратқан мәліметке сәйкес, дәріхана сөрелерінде таңбаланған препараттардың үлесі 65 процентті құрайды.
"Қазақстандықтар дәріханалардан күніне жарты миллионнан астам таңбаланған дәрі-дәрмек сатып алады. Мысалы, 2025 жылдың 26 тамызындағы жағдай бойынша елімізде 588 мың қаптама дәрі-дәрмек сатылған. Жалпы тамыз айында күндік сатылым динамикасы 480 мыңнан 588 мыңға дейінгі аралықта болған", - дейді мамандар.
Тамыз айында дәріханаларда ацетилсалицил қышқылы (4,29 миллион қаптама) көп сатылды. Одан кейін этил спирті (4 млн) және парацетамол (3,64 млн) тұр.
"Дегенмен, этил спирті әртүрлі нысандарда ТОП-10-ға екі бірдей позициямен кірді. 2-орында 4 млн қаптамамен және 8-орында "Этил спирті-DF" түрінде 1,45 млн қаптама. Жалпы алғанда, этил спирті 5,45 миллион қаптама көлемімен абсолютті көшбасшы болып отыр", - делінген ресми хабарламада.
Дәрі-дәрмектің басым бөлігі Алматыда (21 миллионнан астам қаптама) сатылады. Сосын Қарағанды облысы (12 миллион) мен Шымкентте (11 миллионнан астам қаптама) сауда қызып тұр.
Айта кетері, Қазақстанда барлық дәрі-дәрмекке міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген болатын. Жүйе әрбір қаптамаға қойылатын бірегей Data Matrix кодтарының арқасында дәрінің өндірістен бастап соңғы тұтынушыға сатылғанға дейінгі толық циклін бақылауға мүмкіндік береді.