Конституция күні: Ата заңға – 30 жыл

Sputnik
АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Бүгін Қазақстан Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл мереке республика бойынша кеңінен аталып өтеді. Бұған дейін рақымшылық та жарияланды. Sputnik Қазақстан Ата заңымыздың тарихына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Бірінші Конституцияны не үшін өзгертті

Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған болатын. Оған дейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды.
Егемен елдің Ата заңы қабылданса да, ескі әкімшіл-әміршіл ережелері басым болды. Атап айтқанда, адамның жеке құқығы мен бостандығы, үкімет билігін жүргізу нысандары, демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған еді. Содан араға екі жыл салып, 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды.
Бүгінде 30 жылдық тарихы бар Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады.

Ата заң неше рет өзгерді

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Конституцияға бес рет өзгеріс енгізілген болатын. Мәселен, 2011 жылы қаңтарда парламент депутаттары Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеуге шешім шығарды. Ата заңымызға "бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды" деген түзету де енгізілді.
Назарбаевқа "Елбасы" мәртебесі берілгенде оны да Коституцияға жазып қойды. Оған дейін президенттің жас шегін алып тастады. Ал өкілеттілігі 7 жылға дейін ұзартылды. Конституцияға "Тұңғыш президент" анықтамасы да енгізілді. Оған кезектен тыс сайлауды жариялауға өкілеттілік берілді. Осылайша, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасты. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев осы жүйені өзгертуге кірісті.

Тоқаев қандай өзгерістер енгізді

2022 жылдың 5 маусымында Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтті. Халық Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер үшін дауыс берді. Әсіресе, негізгі заңнан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі алынып тасталуы қоғамда қызу талқыланды. Атап айтқанда, 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырым және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды.
Қазақстан суперпрезиденттік республика болуды доғаруы керек – Тоқаев
Бұдан бөлек енді жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Депутаттарды сайлау жүйесі де өзгерді.
Сондай-ақ елімізде Конституциялық сот құрылып, қазақстандықтар оған өз бетінше жүгіне алады. Өлім жазасына түбегейлі тыйым салынды. Қазақстанда адам құқықтары мен бала құқықтары уәкілдерінен бөлек халықтың осал санаттарының құқықтары мен бизнес омбудсмендер құрылды.
Референдумнан кейін Қазақстанның Ата заңы 9 тараудан және 99 баптан тұрады.
"Ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды", - деді Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған конференцияда.

Қазіргі Конституцияның негізгі артықшылығы

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған жиында 2022 жылғы референдумның негізгі нәтижесін ерекше айтты.
"Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті.
"Нақты айтқанда, президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылық принципке тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды", - деді президент.
Қоғам
Президент туыстары басшы бола алмайды – кім "жақын туыс" саналады
Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру процесінің енді ешкім тоқтата алмайтынына сенімді.
"Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді", - дейді Тоқаев.

Конституциялық сот не істейді

Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге Конституциялық сот та қайта құрылды. Оған дейін Конституциялық кеңес болған. Бірақ осы құрылым ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі ғана қараған. Демек, жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарап шықты. Осылайша, азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған.
Тоқаевтың айтуынша, халық Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге де үлес қосады. Екі жарым жылдың ішінде осы органның қарауына 11 мыңнан астам өтініш түскен.

Рақымшылық жарияланды

Биыл Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланған болатын. Онымен барлығы 15 мың адам қамтылды. Олар:
түрмеде отырған 6 мың адам;
пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам.
Сотталғандарға рақымшылық жасалады - тізім жарияланды
Алайда түрмеден тек 632 адам шығуға мүмкіндік алды. Қалғаны пробациялық бақылаудан шығарылды және жаза мерзімін қысқартуға өтініш берді. Рақымшылыққа әлеуметтік осал топтар да ілікті. Олардың ішінде кәмелетке толмағандар, мүгедектер, жүкті, зейнет жастағы және баласы бар әйелдер бар.

Мереке кеңінен тойланады

Биыл ұлттық банк "Қазақстан конституциясына - 30 жыл" атты коллекциялық монеталарды айналымға шығарады. Ал қазақстандық альпинист, мәдениет қайраткері Әлібек Қайырбек елдің Ата Заңын Гималайдағы Айленд Пик (6180 м) шыңына алып шықты.
Астанада Конституциясы күніне арналған үлкен мерекелік концерт өтеді. Онда елге танымал эстрада жұлдыздары - Қайрат Баекенов, Маржан Арапбаева, DOS тобы, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Зарина Божакова, Нұрбол Балапанов, Тұрар Төлеутай және Мәди Сыздық өнер көрсетеді. Кештің хедлайнері – ALEM.
Конституция күні: Астанада эстрада жұлдыздары концерт береді