АЛМАТЫ, 29 тамыз - Sputnik. Алматы облысындағы қараусыз қалған "Көшпенділер қалашығы" Қонаев қаласының меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін нысанға Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық киностудиясы иелік еткен.
"Қазіргі таңда қалашық ескіріп, кейбір жабдықтары сынып, бастапқы келбетін жоғалтқан. Бірнеше келіссөздер жүргізу нәтижесінде киностудия декорациялық кешенді Қонаев қаласына сыйға тарту шартымен өткізіп берді", - дейді ведомство.
Бұл нысанның аумағы 5,8 гектар, Іле өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Баланстық құны – 15 402 000 теңге. Қалалық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің мәліметінше, енді қалашық ТҮКШ бөліміне қарасты болады. Алдағы уақытта бұл аумақты туризм бағытында дамыту көзделіп отыр. Сондай-ақ оны күтіп ұстауға, жөндеу жасауға бюджеттен қаржы қарастырылады.
Қараусыз қалған "Көшпенділер қалашығы" Қонаев әкімдігіне қайтарылды
© Photo : Қонаев қаласының әкімдігі
"Қалашыққа апаратын күре жол салынып жатыр. Жолдың ұзындығы – 7 шақырымға жуық. Жоба бойынша қосымша электр желілерін тарту, автотұрақ салу, жол бойын жарықтандыру қарастырылған", - дейді Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құрылысқа 41 адам және 24 техника тартылған.
Айта кетейік, 2001 жылы "Көшпенділер" фильмін түсіру үшін салынған бұл қалашықтың құрылысына 1 млн доллар жұмсалған.