АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Қазақстандық "Алтын адам" анимациялық фильмі Иорданияда өткен IV Халықаралық балалар кинофестивалінде көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Фильм министрлік тапсырысы бойынша түсірілген.
Аталған фестиваль 15-21 тамыз аралығында Иорданияның Корольдік кинокомиссиясының ұйымдастыруымен, Жәлилә бинт Әли ханшайымның қолдауымен өтті. Байқау бағдарламасында Қазақстан, Қытай, Нидерланды, Латвия сынды елдерден келген балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік фильмдер көрсетілді.
"Алтын адам" фильмі отандық кинотеатрларда 5 маусымнан бастап прокатта болған. Туындыда Хан Тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгерінің сапары баяндалады.
Картина батылдық пен ерлік, адалдық пен ар-намыс жайында. Жобаның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді ізгілікке баулып, рухани құндылықтарды бойына сіңіру.