АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Қонаев қаласында бірден бес шағын ауданда – Арна, Спутник, 19, 20 және Рауан аумағында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігі.
Жобаның жалпы инженерлік желілерінің ұзындығы 89 шақырымды құрайды, оның ішінде 7 шақырымы салынды.
"7 мыңнан астам стояк орнатылып, қалған жұмысты атқаруға қажетті құбырлар сатып алынды. Қазіргі уақытта құрылыс көлемінің 20 пайыздан астамы игерілді", - деп жазылған хабарламада.
Құрылыстың жалпы ұзақтығы 14 айға есептелген. Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда, одан кейін іске қосу-реттеу кезеңі басталады.
Табиғи газды үйлерге қосу 2026 жылдың наурыз айына белгіленген. Барлық рәсім аяқталған соң желілер пайдаланушы ұйымның балансына беріліп, техникалық шарттар беру басталады. Газға қосылу құны тұрғындар үшін 200–220 мың теңге аралығында болады.
"Сонымен қатар Кешенді жоспар аясында ауылдарды, бау-бақша серіктестіктері мен жаңа шағын аудандарды газдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр", - деп атап өтті әкімдік.
Алдағы маңызды міндеттердің бірі – автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу, бұл отын жеткізудің сенімділігін және тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қонаевта 6 618 тұтынушы табиғи газға қосылған. Оның ішінде 5 699 пәтер, 28 кәсіпорын және 78 шағын коммуналдық нысан бар. Жақын маңдағы елді мекендерді ескере отырып, қаланың газдандыру деңгейі 42 пайызға жетті.