Әскери тікұшақ апаты: бір адамның мәйіті табылды

Әуе кемесінің сынықтары мен бір адамның мәйіті шамамен 14 метр тереңдікте табылды
Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Сорбұлақ көлінен адам мәйітінің табылғанын хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулерді жасап берді. Соның негізінде тікұшақтың ықтимал орналасқан аумағы белгіленді.
"Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыстар барысында ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдікте әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Қазіргі уақытта сәйкестендіру процедурасы жүргізілуде", - делінген ресми хабарламада.
Көлдің түбіндегі лай сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатып отыр. Себебі судың асты дұрыс көрінбейді.
"Қиын жағдайға қарамастан, жұмылдырылған барлық күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді әрі мақсатты түрде әрекет етуде", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетері, әскери тікұшақ 25 шілде күні радардан жоғалған болатын. Бортта экипаждың үш мүшесі болды. Тікұшақты іздестіру жұмыстарын қорғаныс министрлігі басқарып отыр.
"Су түбі лайланған, ештеңе көрінбейді": Алматы облысында жоғалған тікұшақ әлі табылмады