АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Беларусь президенті Александр Лукашенко келіссөз дұрыс жүргізілсе, Ресей мен Украина енді ешқашан соғыспайды деп мәлімдеді.
"Егер келіссөз ақылмен жүргізілсе және Украина Ресейдің, ал Ресей Украинаның талабын қабылдаса (бұл мәселелерді нақтылап, өзара анықтау қажет), Ресей Украинамен енді ешқашан соғыспайды. Ешқашан", - деді Лукашенко америкалық TIME басылымына берген сұхбатында. Сұхбаттың мәтінін беларусьтің БЕЛТА агенттігі жариялады.
Беларусь басшысы сондай-ақ Батыста айтылып жататын Ресей НАТО-мен қақтығысқа түсуге ниетті деген пікірді "барып тұрған ақымақтық" деп бағалады.
"Маған сеніңіз, олай емес. Мен мұны анық білемін. Путин мен Ресейдің әскери-саяси басшылығының НАТО-ға қарсы күресу мақсаты жоқ", - деді Беларусь президенті.