АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаев қайтыс болды.
Президент Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев ғарышкердің үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға болғанын еске салды.
Ол отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті, деді мемлекет басшысы.
"Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.