АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Астанада шлагбаум бизнесіне қатысты алаяқтық схемамен екі адамды қыруар қаржыға алдаған алаяқ сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, қала тұрғыны жоғары кіріс әкелетін IT-бизнеске - ақылы автотұрақ жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған шлагбаумдар орнатуға инвестиция салуды және оны бірлесіп қатысуды ұсынған. Бұл бизнес жобаға екі адам сеніп, 100 миллион теңгесін салған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Осы істі азаматтық-құқықтық қатынастар аясында қарастыруды талап етті. Осылайша, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға күш салып, материалдық залалды өтеуден бас тартты.
Тергеу кезінде оның жәбірленушілерден алған ақшаны инвестициялық жобаға емес, жеке қажеттіліктеріне жұмсап тастағаны анықталды.
Сот үкімімен алаяқ 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Ал материалдық шығынды өндіріп алуға шешім шығарылды.