АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Алматыда тауларында 20 жастағы жігітті іздеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаменті.
Медеу ауданында 20 жастағы жігіттің жоғалғаны туралы хабарлама 27 шілде күні түңгі сағат 23:02-де түсті, дейді ведомстводағылар.
"Ол таңертең тауға кеткен, 17:00-де қайтуы керек болған. Байланыс тек туысы, әпкесі арқылы жүргізілген, геолокация қолжетімді болмаған. Жігіттің үстінде жылы кофта, шорты және кроссовка болған, қосымша күртешесі бар. Таулы аймақта сол кезде жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түскен”, - дейді құтқарушылар.
Іздеу жұмыстары 4147 метрлік Жастар шыңы аумағында басталған. Операцияға республикалық жедел құтқару жасағы және "Тұйық-Су" бақылау-құтқару пунктінің мамандары тартылды. Штаб құрылып, құтқарушылар, кинологтар және дрондар жұмылдырылды.
"Құтқарушылар Мыңжылқыға көтеріліп, Жастар шыңына қарай жаяу бет алды. Жастар, Титова және Т1 шыңдары тексерілді, алайда із-түз табылған жоқ" - дейді төтенше жағдай департаментіндегілер.
Мыңжылқы үстіртінде ТЖД, еріктілер және дрондар қатысуымен жедел штаб құрылды. "Қазавиақұтқару" АҚ әуе борты дайын. Бірақ 1800 метр биіктіктегі жоғары бұлттылық, найзағай мен секундына 20 метрге дейінгі боран кедергі келтіріп жатыр.