АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. "Алматыгазсервис-Холдинг" акционерлік қоғамының қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігі.
Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады. Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.
"Жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты "SymphonyGAS" жүйесінде жасырып келген", - делінген хабарламада.
Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушы төртеуі 2 жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 млн теңгені иемденген.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 млн теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынды.