АСТАНА, 22 шілде – Sputnik. Ұлытау облысында әлеуметтік осал топтағы 3000-нан астам оқушыға қаржылай көмек беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бір реттік қаражат балаларды мектепке дайындау үшін берілмек.
"Қаржылай көмек халықтың әлеуметтік осал тобындағы оқушыларға киім-кешек, кеңсе тауарларын сатып алу үшін тамыз айынан бастап төлене бастайды", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылар қатарындағы оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде көмек көрсету мақсатында дәстүрлі "Мектепке жол" республикалық акциясы басталады.
Айта кетері, 31 тамызға дейін республика бойынша 1-сыныпқа құжаттар қабылданып жатыр. Болжам бойынша Ұлытау облысында 1-сыныпқа 4 393 бала барады. Бүгінгі таңда 3 112 (71%) оқушы 1-сыныпқа қабылданды. Олардың ішінде 2 615 (84%) бала қазақ сыныптарын таңдады.