"Киіктің еті қауіпті": министрлік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді

Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктің еті арқылы сан алун ауруларды жұқтыру қаупіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде және бұқаралық ақпарат құралдарында киіктің етін жегенде ауруды жұқтыру қаупі жайында жазылып жүр. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің санын реттеу тәртібін түсіндірді. Соның аясында барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген:
киіктің сойылған ұшалары рефрижераторларға салынып, сою пункттеріне жеткізіледі;
киіктерді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тиісті нормативтер қабылданған;
сою пунктері ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай (мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдар, сумен жабдықтау және т.б.).
Ал Ұлттық ветеринария референттік орталығы аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа ауруларды болдырмау мақсатында киіктердің бүкіл популяциясына тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді. Ветеринариялық қызмет өз кезегінде киіктермен ортақ жайылымдар мен суаттарда ауыл шаруашылығы жануарларына да тұрақты түрде зерттеулер жасап отырады.
Киіктің ұшалары сою орындарына жеткізілгеннен кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама өткізіледі. Негізгі шаралар:
ұшаның, ішкі ағзалардың және басының органолептикалық қарау;
барлық қолжетімді лимфа түйіндерін жарып, ішкі ағзаларды тіліп тексеру;
қайнату сынамасы;
финнозға (цистицеркоз) зерттеу;
жалпы радиациялық фонды анықтау.
Ұшаның ветеринариялық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда ет әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді, ал қалдықтар залалсыздандырылады.
Сонымен қатар, ішкі сауда нысандарында ветеринариялық инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді. Атап айтқанда, ветеринариялық анықтаманың және сою орнының таңбасының бар-жоғы, өнімді тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуы мен зертханалық бақылау нәтижелері тексеріледі.
"Осыған байланысты ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға киік етін арнайы белгіленген орындардан және ветеринариялық ілеспе құжаттар болған жағдайда ғана, тамақтану және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес сатып алуға кеңес береді", - дейді мамандар.
Киіктің етін жеуге бола ма – мүфтияттың пәтуасы