Киіктің етін жеуге бола ма – мүфтияттың пәтуасы
13:20 10.07.2025 (жаңартылды: 17:34 16.07.2025)
Жазылу
Киіктердің санын реттеу шаралары барлық облыста басталып кетті
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Қазақстанда киіктердің санын реттеу шаралары басталды. Соның аясында Қызыл кітапқа енген аңдардың популяциясы 800 мың басқа азайтылады. Ал еттен сан алуан өнімдер жасалады. Sputnik Қазақстан киіктердің санын реттеу жұмыстары қалай атқарылатынын сұрап, жабайы аңның етін жеуге қатысты мүфтияттың пәтуасын білді.
Арнайы бригадалар жасақталды
Бүгінде киіктердің ең көп популяциясы Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Ол жақта саны 2,3 млн басқа жетті. Оны реттеу жұмыстарына 40-қа жуық маман тартылып отыр. Олардан төрт арнайы бригада жасақталды. Әр бригадаға 3 техникадан берілді. Облыста 460 мың бас популяциядан алынады. Республика бойынша киік санын реттеу жұмыстарымен "Охотзоопром" өндірістік бірлестігі" РМҚК-сы айналысады.
Кәсіпорынның ресми өкілі Мадияр Имашевтың айтуынша, бүгінде киіктердің санын реттеу шаралары барлық облыста басталып кетті.
"Қазіргі кезде киіктерді реттеу жұмыстары барлық жерде – Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды мен Ұлытау облыстарында басталды. Әзірше, киіктердің санын реттеу аулау арқылы емес, ату арқылы жүргізіліп жатыр. Мамандар бір-бірлеп атып жүр", - деді Имашев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал атылған киіктер ет комбинаттарына тапсырылады. Одан сан алуан өнімдер - консервілер, шұжықтар мен "тушенка" шығару жоспарланған.
Мүфтияттың пәтуасы қандай
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы киіктер шариғатқа сай атылған жағдайда ғана етін жеуге болатынын айтып отыр.
"Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы аң болу керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: "Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар" деген. Екінші бір хадисте: "Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме" деп айтылған", - дейді шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Оның айтуынша, жабайы аңды атқанда нақты бірнеше шарт сақталуы қажет. Олар:
1.
Аңшы аң аулау немесе оқ атар алдында "Бісміллә" сөзін айтуы тиіс. "Бісміллә" сөзін әдейі айтпаса, ол аң адал емес;2.
Аңды ермек үшін аулау макруһ таһрими болып танылады;3.
Аң аулаушы кісі мұсылман не әһли-кітап болу керек. Діннен шыққан, пұтқа немесе отқа табынатын және атеист адамның аулаған аңын жеуге болмайды;4.
Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе, адал, ал соққыдан өлсе, арам саналады.Киіктің еті несімен пайдалы
Қазақстанның тағамтану академиясы киіктің етін зерттеп, пайдалы қасиеттерін жариялады.
100 грамм еттің құрамы:
ақуыздар - 20 грамм;
майлар - 9 грамм;
D дәрумені — 9,2 микрограм (бір күнге қажетті норма);
B5 дәрумені — 8 миллиграм (бір күнге қажетті норманың 160 проценті);
Темір — 3,9 миллиграм;
Мырыш — 6 миллиграм;
L-карнитин — 132 миллиграм.
Сондай-ақ, киік етінде магний мен селен бар.
Сарапшылардың айтуынша, киік еті балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға, спортзалда және кеңседе ауыр жұмыс істейтіндерге пайдалы болады.


