АЛМАТЫ, 18 шілде - Sputnik. Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы түйелер жаппай ауруға ұшырады. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Жалпы түйелер ауырғалы екі ай болған. Аудандағы Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш және Нұржау ауылдық округтерінде әр түрлі симптомдармен 204 бас түйе малдары ауырған. Оларды жергілікті ветеринар емдеп жатыр.
"Шығын болған мал басы – 84 түйе. 73 түйе сауықты, ал 47 түйені әлі емдеп жатыр. Ауру және өлген малдардан сынамалар алынып, аса қауіпті ауруларға зерттеу жұмыстары жүргізілді", - дейді Құрманғазы аудандық әкімдігі.
Сынамалар сібір жарасы, лептоспироз, хламидиоз, бруцеллез, пастереллез, салмонеллез, листериоз, блутанг ауруларына жүргізілген. Алайда зерттеу нәтижелері теріс болып шыққан.
"Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қосымша зерттеу жүргізу үшін биологиялық қауіпсіздік мәселелерінің ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жіберуді сұрап хат жолданды", - дейді ведомство.
Жергілікті жердегі мамандардың пайымдауынша, түйелерді қарақұрт шағуы мүмкін. Болмаса паразитарлық аурулар, сонымен қатар, уланудан зардап шегуі де мүмкін дейді олар.
Қазіргі күні ауру малдар ветеринар дәрігерлердің бақылауында, Астана, Алматы қалаларынан келетін ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтиже көрсетеді деп күтілуде.