АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Семейде ер адам шаруа қожалығының 26 жылқысын иемденіп, 7 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.
Жергілікті полицияға шаруа қожалығы басшысының орынбасарынан арыз түскен. Оның айтуынша, 36 жастағы қала тұрғыны сенімге кіріп, малды кейін сату үшін алғанын айтып, алаяқтық жолмен 26 жылқыны иемденген. Келтірілген шығын көлемі – 6 970 000 теңге.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
"Ол өз кінәсін мойындап, ұрланған малды сатып, ақшаны жаратып жіберген. Ірі мөлшерде жасалған алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге келу туралы міндеттеме табыс етілді", - дейді облыс полициясы.
Полиция азаматтарға мүлікке қатысты мәмілелерді міндетті түрде ресми түрде, тиісті құжаттармен рәсімдеуді ескертеді.