АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Қазақстанда ТМД бойынша ең үлкен мал бордақылау алаңы ашылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Австралияның тәжірибесіне сүйене отырып, ет өңдеу саласында алты үлкен жоба қолға алынды.
"Биыл Қазақстанда ТМД бойынша ең үлкен бордақылау алаңы ашылады. Ол жерде бір уақытта ірі қара малдың 50 мың басын ұстауға болады. Оны Түркістанда "Қайып ата" деген кәсіпорын салып жатыр", - деді Жұманғарин үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, қант өндіруге қатысты келісімшартқа да қол қойылды. Ірі инвестор жол картасын рәсімдеп, жұмысқа кірісуге дайын.
Айта кетері, бүгін үкімет отырысында Жұманғарин қаңтар-маусым айларында экономиканың 6,2 процентке өскенін мәлімдеді. Бұл - соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.