АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО нарығында темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелерін талқылады.
Бұл ЕАЭО аумағына заңсыз темекі өнімдерінің әкелінуіне және айналымына қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы.
Жұмыс тобы ЕЭК Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитеті жанынан құрылған. Оған 80-нен астам қатысушы кіреді және оның жартысын топты құруға бастамашы болған бизнес-қоғамдастық өкілдері құрайды.
"Кездесу барысында ЕАЭО-дағы темекі және құрамында никотин бар өнімдер нарықтарының ағымдағы жағдайы, осы саладағы заңсыз айналымының тенденциялары мен динамикасы, сондай-ақ осы өнімдердің автокөлікпен тасымалдануын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану тәжірибесі талқыланды", - деп жазылған хабарламада.
Жұмыс тобының мүшелері ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарын тарта отырып, ЕЭК платформасында әзірленетін Одақ нарығында темекі өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған бірінші кезектегі шаралар туралы ұсыныстар жасады.