АСТАНА, 18 маусым – Sputnik. Павлодарда Ұлттық қор қаражатын ұрлау фактісі анықталды, деп хабарлайды облыс прокуратурасының сайты.
Ведомствоның мәліметінше Павлодар ауданында экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы әлеуметтік нысан салу кезінде лауазымын асыра пайдаланған.
"Ауыл Ел-Бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен Кемеңгер ауылында спорт-сауықтыру кешені салынған, оның құны – 382 млн теңге.
"Бюджеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуын тексеру барысында мердігерге орындалмаған жұмыстар үшін 158 млн теңге төленгені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаның қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша материалдарды Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша тіркеді, алдын ала тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жүргізді.
Павлодар облысының аралық сотының үкімімен бұрынғы бөлім басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.