АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Маңғыстау облысында 12 құрылыс компаниясының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс прокуратурасының сайты.
Прокуратура құрылыс саласында лицензия берудің заңдылығына талдау жүргізді. Нәтижесінде 12 құрылыс компаниясы заңсыз рұқсат алғаны анықталды.
"Оларды алу үшін құрылыс салушылардың барлығы бір меншік иелерінен жалға алынған өндірістік базаларды пайдаланғаны, сонымен қатар өтінімдерде бірдей инженерлік-техникалық қызметкерлерді жариялағаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Тексеру нәтижесінде 12 мекеменің барлығы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін компаниялардың қызметі тоқтатылды.