Соңғы 10 жылда алғаш рет: Жамбыл облысындағы Қаракөл көлінің суы толды

Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды
Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Соңғы 10 жылда алғаш рет Талас өзенінің төменгі ағысындағы Қаракөл көлі толды, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Ведомство хабарлауынша, бұл судың дұрыс әрі тиімді бөлінуінің арқасында болып отыр. Яғни, экологиялық мақсатта су жіберу нәтижесінде Жамбыл облысындағы Қаракөл көліне су толтырып, Сұлукөл көліне де су жеткізу мүмкін болды. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды.
Жергілікті экожүйені сақтау жұмыстары суару маусымы басталмай тұрып жүргізілді.
"Бастапқыда осы мақсатқа "Ойық" гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай экологиялық мақсатта су жіберудің жалпы көлемі 315 млн текше метрге жетті", - деп жазылған хабарламада.
Жамбыл облысындағы "Қазсушар" филиалының мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, Талас өзені арқылы жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына жеткеніне көз жеткізді.
Министрлік хабарлағандай, өз кезегінде жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыс үшін жауапты ведомстволарға алғыс білдіріп жатыр.
Үш ел келісімге келді: Қазақстанға 491 млн текше метр су жіберіледі