АСТАНА, 2 маусым – Sputnik. Астана қаласында оқушыларға арналған жазғы лагерлер өз жұмысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Жазғы маусымда елордадағы 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны қамту көзделіп отыр. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам бала да жазғы демалыспен қамтамасыз етіледі", - деп жазылған хабарламада.
Білім беру ұйымдарының жанынан ұйымдастырылған лагерьлер бірнеше бағытта жұмыс істейді:
мектеп жанындағы лагерьлер – 92 мектеп базасында жұмыс істейді, оған 55 200 оқушы қатысады;
бейінді лагерьлер – түрлі бағыттағы 192 лагерьде 11 520 оқушы демалады;
тақырыптық жобалар – 10 жоба аясында 142 298 оқушы қамтылады;
қала сыртындағы лагерь – 1 лагерьде 1 400 бала жазғы демалысын өткізеді.
Сонымен қатар, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, балалардың демалысын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
Айта кету керек, 2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан "Барап" балалар спорттық-сауықтыру орталығы ашылды. Жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 200 бала, жаз бойы жалпы 1 400 балаға қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар елорданың 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер ұйымдастырылады.