Төрт балаға дейін қабылдай алады: отбасыға орналасудың жаңа түрі енгізіледі ​

Баланың мұндай отбасында болу мерзімі ең көп дегенде алты айды құрайды
Sputnik
АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. 1 шілдеден бастап елімізде баланы отбасыға орналасудың жаңа түрі - кәсіби қабылдаушы отбасы енгізіледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Уақытша шара балаларға қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын жасауға бағытталған.

"Қабылдаушы кәсіби отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады. Әрбір балаға жеке көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіледі. Баланың мұндай отбасында болу мерзімі ең көп дегенде алты айды құрайды", - делінген хабарламада.

Қабылдаушы кәсіби отбасыларға тек төрт санаттағы балалар ғана орналастырылады: ​​
жетім балалар;
​ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
​панасыз және қараусыз қалған балалар;
​зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.
​Қабылдаушы кәсіби отбасы болуға үміткерлер міндетті түрде жетім балаларға арналған арнайы ұйымдар мен балаларды отбасына орналастыруға көмектесетін аккредиттелген мекемелерде психологиялық дайындықтан өтеді.
"Кандидаттарды тағайындау туралы шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды. Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады.​Қабылдаушы кәсіби тәрбиешіге әр бала үшін ай сайын жәрдемақы және көрсеткен қызметі үшін қосымша төлем қарастырылған", - дейді министрлік.
Балалар анықталған бойда интернат мекемелеріне емес, бірден отбасыларға жіберіледі.
Айта кетейік, елімізде балаларды орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат және қабылдаушы отбасы.
Енді үйленбеген ер адамдар да бала асырап ала алады