Тоқаев БҰҰ реформасы жайлы: Бірнеше елдің аса маңызды шешім қабылдағаны дұрыс емес

Президенттің айтуынша, алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек
Sputnik
АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында БҰҰ-ның құрылымын заман талабына сай өзгерту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ-ның 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан құрылғанын еске салды. Содан бері 80 жыл өтті.
"Әйтсе де, БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек.
"Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз", - деді Қазақстан президенті.
Айта кетері, форумның пленарлық отырысында Тоқаев дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанын да айтты. Бүгінде ядролық қаруды қолдану қаупі артып барады.
Криптовалютаға азық-түлік сатып алуға болатын жоба жүзеге асырылады