Тоқаев ядролық қаруды пайдалану қаупі туралы: оның қасіретін біз жақсы білеміз

© Photo : АкордаАстана халықаралық форумы
Астана халықаралық форумы - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.05.2025
Жазылу
450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр, деді президент
АСТАНА, 29 мамыр– Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруды қолдану қаупі артқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде 9 елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар екені айтылды. Ал сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді.
"Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр", - деді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстанның кеңес үкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын да еске салды.
"Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру", - деді Тоқаев Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде.
Президенттің айтуынша, Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Ал сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа алады.
"Әсіре ұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда "Бірлігіміз – әр алуандықта" қағидатын қатаң ұстанамыз", - дейді мемлекет басшысы.
Токаев на Международном форуме Астана - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.05.2025
Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады - Тоқаев
Жаңалықтар
0