АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Алматыда әскери қызметшілер қарт майдангерді 102 жасқа толған туған күнімен құттықтады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
9 мамыр – Жеңіс күні Ұлы Отан соғысының ардагері Ольга Андреевна Савенко 102 жасқа толды.
"Ольга Андреевнаны туған күнімен және Жеңіс күнімен құттықтау біз үшін үлкен мәртебе. Оның өмір жолы жас ұрпаққа үлгі етерлік ерліктің үлгісі. Біз курсанттарымызды болашақ офицерлер ретінде ғана емес, бейбітшілік сыйлаған майдангерлерді құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелейміз", – деп атап өтті Әскери-инженерлік институт бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Медгат Мадрахимов.
Ольга Андреевна 1923 жылы Алматыда дүниеге келген. 18 жасында өз еркімен майданға аттанған. Оның жауынгерлік жолы 1-ші Беларусь майданы құрамындағы 109-шы жеке байланыс полкінде өтті. Қарулас достарымен бірге Жеңісті Берлинде қарсы алды.
Соғыстан кейін Ольга Андреевна өз өмірін бейбіт еңбекке арнап, жарты ғасырдан астам уақыт Алматы телеграфында жұмыс істеді. Екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жасына қарамастан, ол әлі де сергек көрінеді.