АСТАНА, 5 мамыр - Sputnik. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы Ордабасы ауданында полиция департаменті өкілдері мен жас сақшылар ғасыр куәсі болған соғыс ардагері Қалмен Мұратұлын құттықтады, деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Қалмен Мұратұлы 1924 жылы өмірге келген. Сұрапыл соғыс даласына 8-сыныпта оқып жүрген кезінде аттанады. 1944 жылы Витебск қаласының маңында болған ұрыста қолы ауыр жараланып, госпитальға жіберіледі. Майдангер соғыстан елге ІІ-ші топтағы мүгедек болып оралды", - делінген хабарламада.
Кездесуге келген жас сақшыларға ардагер өзінің оқиғасын айтып, батасын берді. Жас ұрпаққа өнеге, келер ұрпаққа ұмытылмас тарих, сұрапыл соғыстағы ерлігі тарихта алтын әріппен жазылған ақсақал бүгінде 101 жаста. Өмірлік жұбайы екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 32 немере, 85 шөбере сүйіп отыр.
Генерал Мұрат Талапұлы ғасыр жасаған майдангердің деніне саулық, отбасына амандық, құт береке тілеп, сый-сыяпатын табыстады.