АСТАНА, 5 мамыр - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында "Жезқазған – Петропавл" автожолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАвтоЖол.
Өңірде Есіл ауданының Покровка ауылынан Чириковка ауылына дейінгі аралықта республикалық маңызы бар "Жезқазған – Петропавл" автожолының 876–896 шақырымындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Бұл учаскенің жалпы ұзындығы 19,5 шақырымды құрайды. Жобаны уақтылы бастау үшін мердігер тарапынан қыс мезгілінде қажетті инертті материалдар алдын ала дайындалды. Қазіргі таңда ісінгіш жерлерді жою және суық ресайклинг әдісімен жол негізін салу жұмыстары басталды", - делінген хабарламада.
Жоба аясында суық ресайклинг әдісімен жол төсемінің негізін орнатып, екі қабатты жабын төсеу қарастырылған. Сонымен қатар, 12 су өткізгіш құбырды жөндеу, 4 автопавильон орнату және жол белгілерін орналастыру жоспарланған.