АСТАНА, 28 сәуір - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылы маңында Есіл өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғызылған бөгетке зақым келді. Ішкі істер министрлігінің әскери қызметшілері мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары апат салдарын жою жұмыстарына тартылды.
ІІМ ұлттық ұланының 6637 әскери бөлімінің 100-ден астам әскери қызметшісі төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, бөгетті бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Табиғи апаттың алдын алу үшін 500-ден астам инертті материал салынған қаптар дайындалды. Олар жайылған суды бөгеу үшін қолданылуда.
"Бұл учаскеде әскери қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Ұландықтар жағдайдың өзгеруіне байланысты шұғыл әрекет етіп, елді мекен мен жергілікті тұрғындардың мүлкін қорғау шараларын қабылдауда. Бөгетті бекіту жұмыстары жалғасуда", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Тепличное ауылында ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын бөгетті нығайту үшін 1000-нан астам Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылған болатын.