АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Бүгіннен бастап сәуір айының соңына дейін Астанадағы көшелерде көлік қозғалысы шектеледі. Себебі, бұл көшелерде Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындық кезінде әскери техника жүреді.
Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.
"2025 жылдың 10-30 сәуір аралығында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері түске дейін Астана қаласының "Индустриялық қалашық" аумағында әскери техниканың қатысуымен жаттығу өткізіледі", - деп жазылған хабарламада.
Астанадағы жол қозғалысы шектелетін көшелер:
Ақжол көшесі;
Қарашығанақ көшесі;
Бұйрат көшесі.
Ресми мәлімдемеде қорғаныс министрлігі шектеудің уақытша екенін еске салды және жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлау жөнінде ескертті.
"Жаттығулар аяқталғаннан кейін көлік қозғалысы бірден қалпына келтіріледі. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністікпен қарағандарыңызға рақмет", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Астанада 7 мамырда парад өтеді, оған 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысады.