АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және көму тарифтеріне қатысты экологиялық заңнама өрескел бұзылған, деп хабарлады облыс прокуратурасы.
М.Жұмабаев, Мамлүт, Есіл, Тайынша және Тимирязев аудандарының лауазымды тұлғалары экологиялық кодекстің талаптарын бұза отырып, тарифтерді есептеу кезінде қалдықтарды сұрыптау шығындарын негізсіз қосқаны анықталды.
"М.Жұмабаев ауданының коммуналдық кәсіпорны көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін 319 тенге мөлшерінде төлем алып отырған, қоқысты сұрыптау шығындары 51 теңгеден есептелген", - дейді ведомство.
Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, мәслихат шешімімен тарифтерге тиісті өзгерістер енгізілді.
"Нәтижесінде аталған аудандарда тарифтер орта есеппен 31 теңгеге төмендетілді. 5 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды, артық төленген қаражат кейінгі төлемдерге индекстеу арқылы өтеледі", - дейді облыстық прокуратура.