Қазақстанда тағы бір қор құрылады

Жаңа ұйым жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады
Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осыдан төрт жыл бұрын президент креативті индустрияны қолдаудың арнайы институтын құруды тапсырған болатын. Алдағы уақытта креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – креативті индустрияларды дамыту қоры құрылады.
Жаңа ұйым жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен қорпоративтік қор ретінде құрылады және негізгі төрт бағыт бойынша қызметті жүзеге асырады. Олар:
таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу);
жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту);
инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету);
экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау).
"Еліміздегі Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады", - деді Балаева үкіметтің бүгінгі отырысында.
Қор креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамытумен де айналысады. Осыған байланысты "Астана" халықаралық қаржы орталығы негізінде басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылатын болады.
Сағынтаев креативті индустрия мамандарын марапаттады