АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында жұмыс кестесін жаңа уақыт белдеуіне сәйкестендірген аудандардың саны 9-ға жетті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Қатонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Марқакөл, Самар мен Үлкен Нарында жұмыс уақыты таңғы сағат 8:00-ден 17:30-ға дейін шегерілген болатын.
"Оларға тағы екі аудан қосылды. Олар – Ұлан ауданы және Алтай қаласы. Осылайша, жұмыс кестесін ауыстырған аудандардың саны 9-ға жетті. Ал Риддер мен Өскеменді әлі қарастырып жатырмыз. Оған уақыт керек. Меніңше, халық үйренгеннен кейін өте ыңғайлы болады", - деді вице-премьер Көшербаев мәжілісте өткен брифингте.
Айта кетері, күні кеше үкімет бірыңғай уақыт белдеуі енгізілгеннен кейін жүргізілген талдаудың нәтижесін жариялады.