АСТАНА, 11 ақпан — Sputnik. Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған мектеп асханасының 4 қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының прокуратурасы.
Олар Мұнайлы ауданында № 8 орта мектепте жұмыс істеген. Тексеріс кезінде асхана қызметкерлерінің жалған санитарлық құжат жасағаны анықталды.
"Мұнайлы ауданы сотының үкімімен мектеп асханасының 4 жұмысшысы айыппұл түріндегі жазаға тартылды", - деп хабарлады прокуратура.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, былтыр қыркүйекте Мұнайлы ауданында балалар жаппай уланды. 100-ден астам бала ауруханаға жатқызылды, екі оқушы жансақтау бөліміне түсті.