АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмысшы мамандықтарға арналған ипотекалық бағдарламаны енгізу мерзімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүген үкімет басшысы жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Ал оның орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы брифингте арзан ипотеканы енгізу мерзімін атады.
"Біз осы мәселе бойынша Отбасы банктің жетекшісі Ляззат Ибрагимовамен сөйлескен едік. Қазір оларда "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы бар. Соның аясында Отбасы банк өз ұсыныстарын енгізетін болады. Наурыз айына қарай нақты талаптар, бәлкім, нақты мамандықтар да белгілі болатын шығар", - деді Дүйсенова үкіметте өткен брифингте.
Айта кетері, 2025 жыл президенттің бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бүгінде үкімет іс-шаралар жоспарын әзірледі.