АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Бүгін жасанды интеллект алғаш рет үкімет отырысының хаттамасын шығарып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллект отырыстың аудиожазбасы негізінде бірден хаттаманың мәтіндік нұсқасын жасады. Онда отырыстың тақырыбы, мазмұны және берілген тапсырмалар орыс тілінде толығымен көрсетілді. Хаттама автоматты түрде мемлекеттік органдарға да жіберілді. Сол кезде премьер-министр жасанды интеллекттің үкімет үшін қандай “қауіп” төндіретінін ашық айтты.
“Олай болса, бәріміз жұмыссыз қалатын болдық қой. Хаттаманы өзі дайындайды, тапсырманы өзі береді. Біз не істейміз?”, - деді Бектенов.
Айта кетері, бүгінгі отырыста жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін виртуалды ассистент таныстырылды. Сондай-ақ, үкімет отырысында жасанды интеллект әкімге ақыл берді.